Лингвистика ғылымында, әсіресе тіл мәдениеті, ағымдағы тіл проблемалары бойынша зерттеулерде “әдеби норма”, “қалыптану”, “образдылық” ұғымдарымен қатар “клише”, “штамп”, “стереотип” терминдері қолданылады. Тілдік бірліктердің тұрақты формула ретіндегі түрін анықтайтын соңғы терминдер, олардың ауызша және жазба коммуникациядағы көрінісі әртүрлі түсіндіріледі. Лингвистикалық еңбектерде клише және стереотип нақты бір жағдаяттарға сәйкес және мәнмәтін ерекшеліктеріне қарай сөйленістегі тұрақты тіркес, таптаурын фраза, тілдік штамп түрінде анықталады. Ал тілдегі стандарттылық “әдеби норма” ұғымына теңдестіріледі. Сонымен қатар “тілдің стандарттылығы” ұғымы дайын формула, дайын сөз, таптаурын сөз орамы дегендермен бірдей деп қарайтын көзқарастар да бар. Қазақ тіл біліміндегі сөз мәдениеті, әдеби норма бойынша еңбектерде тілдегі стандартылылық құбылыс, оның болу себептері аз қарастырылған.
Мақалада қазіргі қазақ тіліндегі ауызша және жазбаша коммуникацияда игерілетін тілдегі стандарттылық пен стандарт формулалардың кейбір ерекшеліктері, олардың кодификацияланған әдеби нормаларға қарым-қатысы талданады.