Қазақстан Республикасында тіл саясаты мен тіл стратегиясы арқылы ілгері шығарылған маңызды проблемалардың бірі – латыннграфикалы әліпби негізінде қазақ тілінің емле ережелерін жаңғырту. Жаңғыртуға қатысты қарқынды іс-шаралар атқарылуда. Осыған байланысты тілдің ішкі ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ тілінің төл сөздерінің, кірме сөздердің жазылуын, оның ішінде калька жолы арқылы жасалған термин тіркестердің орфографиялануы өзектілік танытып отыр.
Тілдің осы қабатының зерделенуінің қажеттілігі сонымен қатар калька жолы арқылы жасалған терминдердің сөзжасам мен тілдің синтаксистік құрылымы арасындағы тығыз қарым-қатынасқа да байланысты. Осындай қарым-қатынастың нәтижесінде семантикалық тұтастыққа ие, стилдік жағынан бейтарап, қызметі жағынан жеке лексемамен теңдес түсетін номинативті сөз тіркестері жасалады. Олардың түзілуіне функционалды мағыналары ортақ немесе жақын өнімді сөзтудырушы (-лық / -лік и -лы / -лі) қосымшалары қатысады. Осы қосымшалардың мағыналарының өзара теңдес болуынан жазба коммуникацияда орфографиялық варианттар көрініс беріп отыр. Орфографиялық әртүрліліктер қазақ әдеби тілінің терминологиялық корпусында кеңінен кездеседі.
Мақала уәждеуші сыңарына өзара мағыналас сөзтудырушы қосымшалардың жалғану арқылы калькалау жолымен жасалған семантикалық тұтастыққа ие сөз тіркестерінің орфографиялануын біріздендіру, қалыптандыру жолдарын мен әдістерін зерделеуге арналған.