Бұл мақалада мағыналардың кеңеюі, тарылуы немесе үстеме мағына жүктелуі сияқты семантикалық процестердің қысқаша сипаттамасы берілген. Қазіргі күнге дейін лингвистика саласында белгілі негізгі семантикалық категориялар жайында бірыңғай түсінік пен сабақтастық жоқ деп қаралады. Ол категорияларға мыналар жататыны белгілі: белгі (таңба), мән, мағына, тілдік мағына түрлері, абсолютті және салыстырмалы семантикалық мазмұн және басқалары.Ең бастысы – терминдену барысында сөз мағынасы терминделушi ұғымның негiзгi белгiлерiне сәйкес нақтыланады. Байырғы сөздердiң мағыналық жақтан дамуы, iшкi семантикалық құрылымның өзгерiсi нәтижесiнде жаңа номинативтi сема айқындалады. Тіл дифференциация және интеграция процестерімен тікелей байланысты болады. Дифференциация мен интеграция процестеріне түсіну және қарым-қатынас кезіндегі тілдік белгінің семантикалық түсініктемесі тән.
Дипломатиялық терминдер дара және стилистикалық бейтараптыққа ұмтылатын сөздердің қалыптасуының жалпы ережелеріне сәйкес қалыптасады. Күрделі терминнің мағынасы оның компоненттерінің жеке мағынасынан туындамайды. Компоненттің атқаратын қызметі дара түбірлі терминдердегі фонемалардың қызметімен тең түседі, атап айтқанда – дистинктивті түрде болады. Бұл мақала жазбаша деректер мен әдебиеттер негізінде дайындалған.