Журналдың редакциялық саясаты
«Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. «Филология ғылымдары сериясы» журналының редакциялық саясаты
Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы «Филология ғылымдары» сериясы журналы (бұдан әрі – журнал) жылына 4 рет келесі белгіленген мерзімдерде шығарылады: №1 саны ағымдағы жылдың 29 наурызына дейін, №2 – 29 маусымға дейін; №3 – 29 қыркүйекке дейін және №4 – 29 желтоқсанға дейін.
Журналдың мақсаты – лингвистика, әдебиеттану, педагогика және филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі мәселелері, сонымен қатар сабақтас ғылыми салалар – журналистика және аударматану бойынша ғылыми-талдамалық мақалалар жариялау.
Журналдың міндеттері:
- филолог-ғалымдардың ғылыми-зерттеу, ғылыми-практикалық және эксперименттік қызметінің нәтижелерін жариялау;
- филологиялық ғылымдар саласындағы зерттеулердің негізгі жетістіктерін насихаттау, өзекті мәселелерін жарыққа шығару арқылы филология ғылымының кеңінен дамуына ықпал ету;
- – беделді шетелдік филолог-ғалымдармен байланыстарды дамыту;
Журналға ғылыми мақалаларды жариялау шарттары:
Журналға автор (авторлар) бұрын жарияламаған, журналдың тақырыптық бағыттарына сәйкес келетін және қолжазбаны рәсімдеудің қолданыстағы талаптарына сәйкес қатаң рәсімделген, қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік, қырғыз, неміс, араб және т.б. тілдердегі мақалалар қабылданады.
Корреспондент автор (қолжазбаның авторлық ұжымының арасынан 2 және одан да көп тең авторлары болған жағдайда айқындалған) журналдың келесі нөмірі шыққанға дейін кемінде екі ай бұрын, мақаланың барлық метадеректерін және оның авторларын көрсете отырып журнал сайтына жүктейді. Мақаланың ұсынылатын көлемі – 2500-8000 сөз (авторлар туралы мәлімет, аңдатпа, пайдаланылған әдебиет есепке алынбайды). Мақала мәтініне енгізілетін иллюстрациялар, схемалар, кестелер мәтіннің жалпы көлемінде ескеріледі.
Журналдың ғылыми мақалаларында * символы арқылы негізгі авторды (корреспондент-авторды) көрсете отырып, аңдатпа, түйін сөздер және авторлар туралы ақпарат (тегі, аты, әкесінің аты, жұмыс немесе оқу орны, қаланың, елдің атауы, жарияланым авторының (авторларының) электрондық мекенжайлары) болуы тиіс.
Авторлар зерттеу нәтижелерінің сенімділігі, жаңалығы, дәлелділігі үшін жауап береді. Авторлар жүктелген қолжазбаны редакциялық алқа мен журнал рецензенттері қолжазбаны қарау сатысында, сондай-ақ, ол жарияланғаннан кейін де басқа басылымда жариялауға ұсынбауға міндеттенеді.
Қолжазбамен жұмыс істеу сатысында редакцияның автор және рецензенттер арасындағы байланысы OJS электрондық платформасы арқылы журналдың https://bulletin-philology.kaznpu.kz/ ресми сайтында жүзеге асырылады.
Журналдың редакциялық алқасы қолжазба авторынан/авторларынан келіп түскен қолжазбаларды қарайды, оларды рецензиялауды ұйымдастырады және сайтқа қолжазба жүктелген күннен бастап бір апта ішінде жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Ғылыми журналға ұсынылған мақалалар жарияланымға толық қабылданғанға дейін үш сатылы тексеруден өтеді.
Бірінші кезеңде мақалалар журналдың техникалық хатшысына беріледі. Бұл кезеңде Авторларға арналған нұсқаулыққа сәйкес мақалалардың рәсімделуі тексеріледі. Егер мақалалар талап бойынша рәсімделмесе, онда техникалық хатшы талаптарға толық сәйкес келгенше бас тартуға немесе пысықтауға жіберуге құқылы.
Екінші кезеңде техникалық хатшы барлық ұсынылған мақалаларды «Антиплагиат-Казахстан.ВУЗ» арнайы жүйесінде мәтіндік сәйкестікті анықтау бойынша тексереді. Егер мақалалар қажетті 75% көрсеткішке сәйкес келмесе, онда техникалық хатшы оларды қажетті көрсеткіш орындалғанға дейін қабылдамауға құқылы.
Қолжазбаны жариялауға қабылдау туралы түпкілікті шешімді Бас редактор қабылдайды.
Еркін қол жеткізу саясаты және мұрағаттау
Журналдың ағымдағы нөмірінің электрондық нұсқалары мен өткен кезеңдердегі мұрағаттары оқырмандар мен авторларға https://bulletin-philology.kaznpu.kz/ ресми сайтында ашық қолжетімді. Журналдың электронды түрдегі барлық жарияланымдары Creative Commons Attribution License (CC BY-NC-ND 4.0) лицензиясы шарттарына сәйкес тегін және шектеусіз таратылады.
Журнал сайтында авторлар мен оқырмандар үшін журнал қызметі туралы қажетті ақпарат және оның бекітілген мазмұны: жарияланым шарттары, қолжазбаларды журналға ұсыну ережелері, қолжазбаларды рецензиялау тәртібі, жарияланым этикасы, редакциялық алқа туралы ақпарат, ғылыми редактор мен жауапты хатшының байланыс деректері орналастырылған.
Түпнұсқа және плагиат
Авторлар жұмыстың түпнұсқада ұсынылғанына көз жеткізуі керек, ал егер басқа авторлардың жұмыстары немесе мәлімдемелері қолданылса, тиісті библиографиялық сілтемелер немесе дәйексөздер ұсынуы керек. Плагиат көптеген нысандарда – біреудің жұмысын авторлық құқық ретінде ұсынудан бастап, авторлықты көрсетпестен басқа адамдардың шығармаларының маңызды бөліктерін көшіріп немесе өзгертіп жазудан басқа адамдардың зерттеу нәтижелеріне өз құқықтарын талап етуге дейін болуы мүмкін. Плагиат барлық жағынан этикаға жатпайтын әрекеттерді білдіреді және журнал беттерінде жарияланбайды.
Автор(лар) қолжазбада көрсетілген зерттеу нәтижелері түпнұсқалық дербес жұмыс болып табылатындығына және плагиатты тексеру жүйесі арқылы қолжазбаны тексеру үдерісінде анықталуы мүмкін қате алымдар мен плагиат болмауына кепілдік береді.
Журналдың саясаты жарияланым этикасы саласындағы Ғылыми басылымдар этикасы жөніндегі комитеттің (The Committeeon Publication Ethics – COPE) ұсынымдары мен стандарттарына негізделген.
Авторлық құқық және лицензиялау
Қолжазба авторлығы қолжазбаны жасауға, идеяны қалыптастыруға, мақала жазуға, нәтижелерді түсіндіруге тікелей атсалысқан және ғылыми нәтижелерді алуға зор үлес қосқан зерттеушілерге тиесілі.
Creative Commons Attribution License (CC BY-NC-ND 4.0) шарттары бойынша авторлар өз қолжазбаларына құқықтарын сақтайды, бұл ретте журналда жарық көрген жарияланым авторлығының міндетті белгісімен және осы журналдағы бірегей жарияланымға сілтеме жасай отырып, оларды еркін жүктеп алуға, қайта пайдалануға, қайта басып шығаруға, өзгертуге, таратуға немесе көшіруге рұқсат береді. Журналға сілтеме берілген жағдайда авторлардың немесе баспагердің рұқсаты талап етілмейді.
Авторлар өз мақаласын басқа дереккөздерде (мысалы, институционалдық мұрағатта, әлеуметтік желілерде және т.б.) осы журналдағы түпнұсқа жарияланымына міндетті түрде сілтеме жасай отырып тарату құқығын сақтайды.
Құпиялылық саясаты
Авторлар туралы мәліметтер – олардың аты-жөні, аффилиациясы, байланыс деректері, лауазымы және ғылыми дәрежесі туралы мәлімет, сондай-ақ, халықаралық деректер қорындағы авторлар бейінінің сәйкестендіргіштеріне сілтемелер мақаланың «Авторлар туралы ақпарат» бөлімінде орналастырылады.
Журналдың кезекті шығарылымы жарияланғанға дейін қарауға қабылданған қолжазба туралы ақпарат тағайындалған рецензенттерден басқа үшінші тұлғаларға берілмейді. Сондай-ақ, редакция рецензенттер туралы ақпаратты авторларға және басқа адамдарға жария етпейді.
Жариялау үдерісіне қатысушылардың осы және басқа да мінез-құлық нормалары, атап айтқанда авторлардың, редакция алқасы мүшелерінің, баспагердің және рецензенттердің мінез-құлық қағидалары, нормалары мен стандарттары жарияланым этикасына негізделеді.
Журнал редакциясына түскен ғылыми мақалалар плагиатты тексеру жүйесі негізінде рәсімдеу және өзіндік ерекшелік көрсеткіші бойынша барлық ресми талаптарға сәйкес келетін екіжақты анонимді («жасырын») рецензиялаудан өтеді. Қолжазба рецензентке автордың/авторларының аты-жөндері көрсетілмей рецензиялауға беріледі. Жауапты хатшы мен рецензент арасындағы хат алмасу журнал сайты арқылы жүргізіледі. Мақалаларды рецензиялауды соңғы 5 жылда рецензияланатын мақала тақырыбы бойынша жарияланымдары бар тиісті сала мамандары жүргізеді. Екі теріс пікір болған жағдайда қолжазба журналда жарияланбайды.
Рецензиялау нәтижелері құпия болып табылады. Мүдделер шиеленісі болған жағдайда рецензенттер қолжазбаны қарауға жіберілмейді.
Жариялау этикасы
Журнал редакциясы халықаралық ғылыми қоғамдастық қабылдаған этикалық нормаларды сақтау үшін және өз жұмысында да ғылыми жарияланымдар үдерісінің барлық қатысушыларымен: авторлар, рецензенттер, редакторлар, баспагерлер, таратушылар және оқырмандармен қарым-қатынаста осы нормалардың кез келген бұзылуын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Редакциялық алқа мүшелері этикаға жатпайтын мінез-құлық, плагиат, өзіне-өзі плагиат, авторлардың шамадан тыс өзіне-өзі сілтеме жасауы, мүдделер шиеленісінің белгілері бар мақалаларды жариялағаны үшін жауапкершілік алады. Егер мақаланы жазу кезінде жариялау және/немесе ғылыми этика қағидалары бұзылса, журналдың ғылыми редакторы редакциялық алқа шешімінің негізінде жарияланым ретракциясын (күшін жоюды) жүргізуі тиіс. Мақалаларды автор (авторлар) немесе журнал редакциясы кері қайтарып ала алады.
Ұйымдастыру жарнасын төлеу
Редакциялық-баспа қызметтерінің (мақалалардың метадеректерін түзету, беттеу, тексеру және т.б.) және авторларды Crossref дерекқорына тіркеу, DOI сәйкестендіргіші арқылы жарияланымның библиографиялық сілтемелер жүйесінде тоғыспалы байланысын қамтамасыз ету құны 5 000 теңгені құрайды.
Төлем оң рецензия алғаннан кейін және журналдың редакциялық алқасы мақаланы нақты басылымда жариялау туралы шешім қабылдағаннан кейін университеттің банктік шотына «Филология ғылымдары журналына ұйымдастыру жарнасын төлеу» белгісімен жүргізіледі.