Алаш арыстарының бірі ретінде Ыдырыс Мұстамбайұлы біріншіден, сыншы ретінде 1920-жылдардағы көркем әдебиет туралы пікірталасқа белсене арасып қана қоймай, сол жылдардағы солақай саясаттың ықпалына түспестен, ұлттық мүддені жоғары қоятын берік ұстанымынан таймай, өзіндік батыл пікірлерімен көзге ерекше түссе, екіншіден, ұлтымыздың рухани байлығы, әдебиетіміздің темірқазығы Абай шығармашылығын жоққа шығаруға тырысқан кейбір қаламгерлердің теріс пиғылды мақалаларына батыл түрде тойтарыс беріп, абайтануға өзіндік үлкен үлес қосты. Үшіншіден, Ыдырыс Мұстамбайұлының зұлматты жылдарда алаштың саңлақ ақыны М. Жұмабаевты кеңестік идеологияның айыптауынан арашалап алып қалуға тырысып жазған мақаласының да мағжантануда алар орны ерекше деп қарау керек.
Өмірінің соңғы жылдары – кеңестік, партиялық және шаруашылық жұмыстармен айналысты. Мұстанбаев жер мәселесі, ауылдағы тап күресі, байларды тәркілеу мәселесі бойынша партия және үкімет саясатымен, өлкелік үкімет басшысы Ф.И.Голощекиннің ұлттық саясатымен келіспеуіне қарай бірнеше рет «сәдуақасовшыл» деген айыппен партия қатарынан шығарылды.
Мұстанбаев Қазақстанның әдеби өміріне белсенді түрде қатысып, Абай, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаевтың әдеби мұрасын кеңестік және идеологиялық органдардың шабуылынан қорғады.
Түйін сөздер: сыншы, көркем әдебиет, пікірталас, рухани байлық, абайтану, ұлттық мүдде.