Қазақ және түрік тілдерінде экспрессивті-эмоционалды лексиканың мағыналық ерекшелігі, жасалу сипаты, танымдық негізділігі салыстырмалы бағытта соңғы кезеңде қарастырылып келеді. Коммуникативтік тұлғаның эмоционалды жай-күйіне, ерігіне байланысты ұғымдарды білдіретін эмоционалды лексика қазақ және түрік тілдерінің сөздік құрамында өте мол. Тіліміздегі сөздердің бейнелі, мәнерлі айтылуы мен сезімге әсер ету қасиеті бір-бірімен байланысты. Эмоция бар жерде экспрессивтілік те болады.
Қазақ және түрік тілдеріндегі экспрессивті-эмоционалды лексиканың ешбір қосымшасыз жеке тұрып эмоционалдық бояуға ие болатындығы сөз етіледі. Екі тілде де морфологиялық жолмен пайда болған сөздер кішірейту, еркелету, менсінбеу, елемеу, құрметтеу т.б. қосымшалары арқылы жасалатындығы жан-жақты талданады. Экспрессивті-эмоционалды сөздердің фонетикалық жолмен, яғни дауыс ырғағы, пауза арқылы жасалуы да қазақ және түрік тілдерінде де кездесетіндігі дәйектеледі. Қазақ және түрік тілдеріндегі еліктеуіш сөздердің экспрессивті-эмоционалды қызметінің өте жоғары екендігі, еліктеуіш сөздердің тілдік коммуникацияда актив қолданылатындығы мысалдар арқылы дәйектелді.
Қазақ және түрік тілдеріндегі көңіл-күй одағайларының қуанышты, таңдану мен сүйсінуді, өкінішті білдіретін одағай түрлері мен тұрмыс-салт одағайлары қарастырылады. Одағайлардың тілдік коммуникацияда коммуниканттардың эмоциясын білдіретіндігі салыстырыла талданады.