Елбасы Н. Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласындағы асамаңызды бағыттардың бірі ретінде “тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасау”, бұл істің мақсаты – әлемдік ғылымдағы жетістіктерді концептуалды түрде талдай алатын және білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау екендігі айрықша атап көрсетілді. Осыған байланысты “Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық” жобасын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс басталды. “Ұлттық аударма бюросы” құрылды,алдын ала мәліметтерге қарағанда, соңғы жылдарыгуманитарлық бағыттар бойынша әлемдік ғылыми әдебиет қорынан 54 еңбек аударылып, білім беру жүйелеріне енгізілген. Аударма арқылы жасалған бай материал қазақ тілтанымыныңкөптеген салаларының дамуы үшін маңызды. Біріншіден, аударма мәтіндердің тілі мен стилі қазақ лингвистикалық аударматануының теориялық және практикалық проблемаларының әдіснамасын, әдістері мен тәсілдерін тереңдете зерделеудің ғылыми-практикалық бай дереккөзі болып табылады, екіншіден, әлемдік ғылымдағы озық үлгілердің тәржімасы арқылы қазақ тілі лексикалық жаңалықтармен толыға түседі. Бұл ретте орта білім беру жүйесіне арналған оқулықтардың да рөлі бар. Мақалада “Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық” жобасы негізінде атқарылған еңбектердегі және орта білім беру жүйесіне арналған оқулықтардағы лексикалық жаңалықтар талданады. Лексикалық жаңалықтардың танылуы мен нормалануына қатысты теориялық және практикалық ұсыныстар жасалады. Эмпирикалық материалдар әлеметтану, құқықтану, тарих, менеджмент, экономика, психология, биология салаларының аударма мәтіндерінен алынды.