Мақалада қазақтың көрнекті жазушысы А.Кекілбаевтың әйгілі шығармаларының бірі –терең психологиялық және философиялық астары бар “Шыңырау” хикаясы қарастырылған. Шығарманың тереңдігі мен маңыздылығын әр түрлі өнер өкілдерінің: театр режиссерлерінің, кинематографистердің осы оқиғаға ерекше қызығушылық білдіруінен байқауға болады.
Жұмыстың мақсаты Ә. Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің бас кейіпкерінің бейнесін талдау болып табылады. Шыңырау – бұл метафора: құдықты тереңдетіп үңгіген сайын кейіпкер өз жанының тұңғиық бейсаналы қабаттарына сүңги береді, өмірдің мәні туралы толғанады. Бірақ оның толқыныстары ниетін түзеп, жанын тазарта қоймайды, өйткені жанының тереңінде Еңсеп қызғаныш, тәккапарлық, даңққұмарлық, астамшылық сияқты жойқын сезімдерді тапты.
Талдау барысында бас кейіпкер тұлғасының күрделілігі, шым-шытырық адам өмірінің диалектикасын көрсете білген жазушының шеберлігі атап өтіледі.
Мақалада Еңсеп бейнесін талдау арқылы адамға табиғат сыйлаған дарындылық жоғары рухани құндылықтарға, халыққа қызмет етуге, шығармашылыққа бағытталуы тиіс деген ой айтылады. Әйтпесе адамның өмірі мән-мағынасыз, баянсыз болып, дарын сынаққа айналуы мүмкін.