Мақалада көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұмекен Нәжімеденов поэзиясындағы лирикалық және этикалық шығармаларының көркемдік ерекшеліктері саралана талданып қарастырылған. Ақын поэзиясындағы азаматтық-отаншылдық сарынды лирикалық өлеңдерінің басым сипатпен жырланатыны, Ұлы Даладағы туған жер топырағы, қасиетті Отан, ұрпақтар жалғастығы, ата-бабалық дәстүрлерді құрметтеу, т.б мәселелердің психологиялық-философиялық тұтастықпен жырлануы бағаланған. Сонымен бірге, ақын поэзиясындағы табиғат туралы лирикалық өлеңдердегі көркемдік бейнелеулердің (кейіптеу, метафора, эпитет, теңеу, символ, аллегория, психологиялық параллелизм, т.б) поэтикалық-эстетикалық мағыналық ерекшеліктері талданған. Табиғаттағы заттарға, құбылыстарға арналған азаматтық арнаулардың лирикалық-психологиялық сипаты мәтіндік талдаулармен айқындалған. Ақынның тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы қарым-қатынастар жүйесіндегі олқылықтарды, кемшіліктерді бағалаған өлеңдеріндегі ирония, сарказм бейнелеулерімен өрнектелген сыншыл сарындар да талданған.
Ақынның эпикалық поэзиясындағы поэмаларының өмір шындығын көркем шындықпен жинақтап бейнелеудегі тарихи-философиялық, эстетикалық-поэтикалық көркемдік шешім ерекшеліктері сараланған. Зерттеу еңбек Жұмекен ақын поэзиясындағы туындылардың поэтикалық ерекшеліктерін мәтіндік талдаулармен жаңаша қарастыру тұрғысында ерекшеленеді.