Мақалада сонау ғұн, көне түркілік дәуірден бастау алатын қазақ поэзиясының генезисіне тереңінен тоқтала отырып, оның ежелгі және орта ғасырлардағы қалыптасу, жолындағы ерекшеліктерді ғылыми-танымдық көзқараста сараланады. Сондай ақ, қазақ хандығының құрылған тұсында дүниеге келген жыраулық поэзия мен оның өкілдерінің шығармашылығындағы азаттық, еркіндік идеяларының көрінісі жан-жақты зерделенеді. Үш жүз елу жылдан астам уақытқа созылып, ұлт алдындағы тарихи миссиясын олықтай орындап, сөз өнерінің дамуына үлкен үлестерін қосқан жыраулық поэзиядан кейін тарих сахнасына шыққан ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының шығармашылықтары да тыңғылықты талданады.
Өзінің қалыптасу, даму эволюциясында қазақ поэзиясы жан-жақты кезеңдерді бастан өткеріп, жетіле түскендігі мен жалынды жырымен өз қоғамын, келер ұрпақты тәуелсіздік жолында күреске шақырып, азаттықтың бағасын білуге үндеген жыраулар мен ақындарымыздың шығармашылығын зерттеген ғалымдарымыздың құнды пікірлері де назарға алынады. Нәтижесінде әр заманның қоғамдық өмірінің сұранысына сай көркемдік, идеялық, құрылымдық, стильдік тұрғыда толығып, жаңарып отырған қазақ поэзиясының тарихын зерттегендер оның алғашқы бастауын көне дәуірден, одан кейін Күлтегін, Тоныкөк заманынан алатындығы туралы пікірлер ғылыми негізде қуаттала түседі.