Мақалада Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының көркем әдебиеттегі бейнесіне сипаттама беріледі. ХХ ғасырдың басы мен ХХІ ғасырдың басына дейнгі кезең қамтылған. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жазылған шығармалардың ішінен арнау өлеңдер, эпиграммалар, поэмалар қаралды. 30-40 жылдарда жазылған туындылардың ішінен повестер, драмалық пьесалар, романдар көбірек назарға алынды. Алғашқы кезеңде жазылған поэзиялық туындылардағы автор позициясы, көркем шығармадағы идея мен ойдың тереңдігіне зер салынды. Қаламгерлердің ақындық шеберлігі талданды. Екінші кеңестік кезеңде жазылған шығармалардағы саяси реңк пен дәуір ерекшелігі көрініс берген тұстарға талдау жұмысы жүргізілді. Осы сәтте тәуекелге бел буып, тарихи шындықты боямасыз суреттеуге тырысқан жазушылардың еңбегі бағаланды. Саяси себептермен көркемдік шешімді өзгеше қабылдаған авторлардың тұжырымы негізге алынды.
Арнау өлеңдердегі кейіпкер бейнесі талданды. Көркем шығармада жағымды және жағымсыз образдардың ерекшеліктеріне көңіл бөлінді. Осы тақырып аясында ізденіс жүргізген зерттеушілердің пікірлеріне назар аударылды. Ғалымдардың тұжырымдары тақырып аясын кеңейтуде маңызды рөл атқарды. Мақалада А. Байтұрсынұлы жайлы жазылған шығармалар хронологиялық ретпен талданып берілген.

