ХХ ғ. 50 жылдарынан көне қыпшақ тілінің мұрагерлері – қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар, қарайым, құмық, қарашай, балқар т.б. қыпшақ тобын құрайтын қазіргі тілдердің сөз қазынасын, грамматикалық құрылысын, дыбыстық жүйесін зерттеуге бағытталған іргелі зерттеулер жарық көрді, олардың әрқайсысының тіл білім ғылымы қалыптасты. Тіл жүйесінің дыбыстық, лексика-грамматикалық құрылым-құрылысы фонетика, морфология, синтаксис, лексикология, фразеология, лексикография т.б. салаларының дербес нысандарына айналып,ол салалар іштей тармақтарға (фонология, морфонология, мәтін синтаксисі, терминология, ономастика, тарихи лексикология, лексикография т.б.) жіктеле дамыды. Осылайша тарамдала дамыған жеке бір тілдің тіл білімінде орта ғасыр түркі ескерткіштерінің тілі нақты сол тілге қатысы тұрғысынан зерттелді.
Лингвистикалық қыпшақтанудың келелі мәселелерімен тоғыса келіп, орта ғасырларда көне қыпшақ әдеби тілінде жазылған шығармалар тілін бүгінгі жекелеген қазақ, қарақалпақ, башқұрт, татар, ноғай, құмық, қарашай, балкар, қырғыз т.б. сияқты оншақты қыпшақ тілдерінің әрқайсысымен «тарих: тіл: мәдениет» тоғысында зерттейтін қыпшақ тілдерінің салыстырмалы-тарихи лексикологиясының негізін қалыптастыруды міндеттейді.