Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет елдердегі қазақтар, олардың әлеуметтік-экономикалық, саяси-рухани өмірі туралы зерттеуге кеңестік идеология мүмкіндік бермеді. Тіптен диаспорология, эмигрантология сияқты ғылым салалары да өз дәрежесінде зерттеу жүргізе алмады. Тәуелсіздіктен кейін ғана қазақ ғалымдары шет елдердегі қазақтардың өмірі туралы зерттеуге мүмкіншілік алды.
«Қазақ диаспоралық әдебиетінің Түркия кезеңі» атты мақала да қазақ әдебиеттану ғылымындағы тың зерттеулердің нәтижесі. Аталған мақалада Түркия қазақтарының естеліктері, оның жанрлық, көркемдік-идеялық, стильдік ерекшеліктері, естеліктердегі «сағыныш сарыны» туралы сөз болады. Естеліктердің тарихи-танымдық сипаты зерделенеді.
Кейінірек олардың қатарын Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, еліне қайтуға Кеңес саясатынан қорқып шетелдерде қалуға мәжбүр болған қазақ эмигранттары толықтырды. Солардың бірі белгілі музыкант – Әлім Алмат болатын. Аталған қазақ эмигрант-зиялылары Түркия мемлекетінде өз шығармашылықтарын дамытты. Соның нәтижесінде Х.Оралтайдың, Х.Алтайдың, Ә.Алматтың шетелдердегі қазақ диаспорасының өмірі туралы тарихи естеліктері жазылып, жарыққа шықты.
Автор өз зерттеуін қазақ диаспоралық әдебиетінің Түркия кезеңіне арнай отырып, осы кезең өкілдерінің шығармашылықтарын зерделейді.